Жаңалықтар

Токио олимпиадасына дайындық

Сонымен, Токио олимпиадасының басталуына бірер апта қалды. Ал, ұйымдастырушы тарап жарыс талабына әлі де өзгеріс енгізіп жатыр. Күнделікті, иә, күнделікті жаңа ақпарат шығады. Мәселен, соңғысына сәйкес, спортшылар Жапонияға аттанбас бұрын бірнеше мәрте короновирусқа қатысты тест тапсыру қажет. Осының алдында ұлттық құрама түгелдей дерлік вакцина алғанын айтқан ек. Бірақ, бұл тест тапсыру міндетінен босатпайды. Санитарлық талаптар қатаң. Қазірдің өзінде спортшылармен кездесіп, бұрынғыдай емір-еркін сұхбаттасу мүмкін емес. Олар медицина тілімен айтқанда «таза аймақтан» шыға алмайды.

Ұлттық құрама қос чартерлік рейспен аттанады. Алғашқысы 16-шы, ал, кейінгісі 27-ші шілдеде деп жоспарланып отыр. Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты да адам саны шектелген форматта өтуі мүмкін. Қазір оның барысы талқыланып жатыр. Белгілісі биыл алғаш рет әр елдің туын екі спортшы алып шығады. Гендерлік теңдікті насихаттау үшін халықаралық комитет осындай шешім қабылдады. Біздің елде бұл құрмет Ольга Рыпакова мен Қамшыбек Қоңқабаевқа бұйырды.

     Қалыптасқан дәстүр бойынша спортшылар мен саланың басы-қасындағылар Президентпен кездесті. Оның барысында алғаш рет ұлттық құраманың формасы таныстырылып, артынша әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа ұласты. Біреулерге ұнады, біреулерге ұнамады дегендей. Қалай болғанда да жерлестеріміз осындай көк, көгілдір және ақ түстерден тұратын спорттық киімдер киеді. Оны дайындауға отандық және шетелдік мамандар атсалысқан. Негізгі дизайнер қазақстандық – Салтанат Баймұхамедова. Ол барынша ауа өткізгіш, ылғал сіңіргіш және аллергия тудырмайтындай қылып жасауға тырысқан.

Сонымен, жолдамалар бар, формалар бар, ту ұстайтын спортшылар да белгілі. Ұлттық құрама олимпиадаға толық дайын деуге  болар ед. Бірақ, негізгі нәрсе ескерусіз қалды. Ескерусіз қалғанда, енді нақтылаймыз деп жатыр. Медальдық жоспарды айтам. Әдетте олимпиада алдында кемінде осынша жүлде аламыз. Әсіресе, мына-мына спорттарға үміт артылады деп жариялап жататын. Биыл ондайды естімедік. Тіпті, тілшілер бірнеше рет арнайы сұрағанның өзінде саланың басы-қасындағылар тұшымды жауап бере алмады. Бәрін қалыптасқан жағдаймен түсіндіріп отыр. Корновирусқа байланысты қазір негізгі мақсат спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оларды аман-есен апарып-әкелу деп түйіндеді сөздерін.

Ал, халықаралық ұйымдар ұлттық құраманың әлеуетін өткен жылдың басында-ақ бағамдап қойған. Мәселен, Нидерландыдағы спорттық деректерді сараптау агенттігінің мәліметінше, Қазақстан бұл жолы 11 медаль жеңіп алады. Оның біреуі алтын. Сөйтіп, жалпы есепте 26-шы орынға тұрақтайды екен. Әрине, бұл болжам ғана. Ал, енді нақты қалай болары және кімдер топ жарары бірер аптадан кейін белгілі болады. Токиодағы байрақты бәсеке ресми түрде 23-ші шілдеде басталып, 8-ші тамызға дейін жалғасады.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button